Балалар неге агрессия көрсетеді? Бұл сұрақ, әсіресе бала ересектік кезеңнің табалдырығында тұрған кезде, көптеген ата-ананы алаңдатады. Сондықтан Амангелді ауданындағы Б. Қолдасбаев атындағы жалпы білім беретін мектепте 11-сынып оқушыларының ата-аналарына арналған өткен сабақтың маңызы зор болды.
Агрессия ешқашан «жайдан-жай» пайда болмайды. Көбіне бұл – баланың өз сезімдерін, қорқынышын, шаршауын немесе түсінілмегенін білдіру тілі. Эмоциясын сөзбен жеткізе алмаған бала оны қатал мінез, қарсылық, тұйықтық немесе жанжал арқылы көрсетеді. Осындай сәттерде ең маңыздысы – басып-жаншу емес, тыңдай білу.
Педагог-психолог Ш.Б. Төлеубаева ата-аналарға дайын шешімдер емес, ойлану мен саналы түсінуге апарар жол ұсынды. Екі бөлімнен тұратын тренинг қақтығысты қауіп ретінде емес, даму нүктесі ретінде қарауға мүмкіндік берді.
Қатысушылар қақтығыстың ерекшеліктерін бірге анықтап, оның оң және теріс жақтарын талқылады, агрессияның түрлерімен танысып, оның артында жатқан баланың қажеттіліктерін көруді үйренді.
Маңыздысы – ата-аналар тек тыңдаушы болып қалмай, пікір алмасып, ой бөлісіп, бір-бірін қолдап отырды. Нәтижесінде басты түсінік қалыптасты: зорлықсыз тәрбие – баланы бақылаудан емес, өзіңмен жұмыс істеуден басталады.
Агрессия – бұл белгі. Ал егер біз оны дұрыс «оқи» білсек, ең жақын адамымызбен байланысымызды жоғалтпауға үлкен мүмкіндік туады.








